Алматы жастарының әлеуметтік және білім беру аспектілері: жастар үшін басты өмірлік құндылық – отбасы

«АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАСТАРЫ» талдамалық баяндамасы таныстырылды

 

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен «Алматы студенттер альянсы» КҚ қаланың жастарының өміріне қатысты ауқымды зерттеудің нәтижелерін ұсынды. Зерттеуге 3000-нан астам респондент қатысып, ал оның қорытындыларын мәслихат депутаттары, сарапшылар және қоғам қайраткерлерінің талқылады.

Алматы – жастар қаласы: мұнда 695,6 мың жас азамат (халықтың 32%-ы) тұрады, олардың 421,6 мыңы жұмыс істейді, 286,9 мыңы студент, ал шамамен 80 мыңы – жоғары сынып оқушылары. Зерттеу нәтижелері жастар үшін ең басты құндылық – отбасы екенін көрсетті: респонденттердің 89,9%-ы оны «өте маңызды» деп бағалады. Достар да маңызды рөл атқарады – 47,6% қатысушы олардың өміріндегі маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, жастар өзін-өзі дамытуға, жеке тұлға ретінде қалыптасуға және әлеуметтік әл-ауқатқа ерекше мән береді, бұл олардың жайлы өмір мен еңбек жағдайларын құруға ұмтылысын көрсетеді.

Алматы жастары білім алуға және өзін-өзі дамытуға белсенді түрде ұмтылады. Сауалнамаға қатысқандардың 69,8%-ы жоғары білімді «өте маңызды» деп санайды, ал 44,9%-ы жұмысқа дәл осындай мән береді. Әлеуметтік құндылықтар да өзекті болып қала береді – жастар теңдік, әлеуметтік әділдік және тұрақты даму идеяларын қолдайды. Кәсіпкерлік пен цифрлық технологияларға деген қызығушылық артып келеді: көптеген жастар өз бизнесін ашуға немесе стартаптарға қатысуға ұмтылады, бұл олардың бастамашылдығының жоғары деңгейін және жаңа сын-қатерлерге дайын екендігін дәлелдейді.

Осылайша Алматы қаласы еліміздің білім және мансап орталығы екенін дәлелдеді. Алматыға оқуға келетін жастардың үлесі – 49,3%, мансаптық мүмкіндіктер үшін – 13,9%, ал жұмыс істеу үшін – 11,6%. Ал әлеуметтік және отбасылық себептерді 10,3% респондент атады. Бұл себептерден бөлек, Алматыны жастар заманауи қалалық орта, дамыған инфрақұрылым және инновациялық технологияларға қолжетімділік үшін де таңдайды.

Цифрлық технологиялар жастардың медиатұтыну үрдісін айқындайды. Ақпарат алудың ең танымал көзі – әлеуметтік желілер (33,2%), одан кейін жаңалық сайттары (23,3%) және мессенджерлер (19,2%). Телевидение мен баспа БАҚ-тары цифрлық арналарға орын берсе де, өз аудиториясын сақтап келеді. Сонымен қатар, білім беру платформалары мен онлайн-курстарға деген қызығушылықтың артуы жастардың үздіксіз даму мен өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылысын көрсетеді.

Зерттеу нәтижелері Алматы қаласының жастарының қазіргі әлеуметтік жағдайы, олардың өзекті мәселелері мен болашаққа деген көзқарастары туралы толық түсінік береді. Бұл ақпарат жастар саясатының тиімділігін арттыру және болашақта қабылданатын шешімдер үшін маңызды негіз болмақ.

Айта кету керек, әлеуметтік зерттеу Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен тұңғыш рет өткізілді. Білім беру бағдарламаларын дамыту, мансаптық өсу мүмкіндіктерін жасау және жастар бастамаларын қолдау – алдағы жұмыстардың негізгі бағыттары болмақ.