Алматыда шетелдік беделді университеттің филиалы ашылды
Қазақстандық алғашқы 100 студент әлемнің ең үздік университеттерінің бірінде оқуларын бастады: Сәтбаев университеті базасында CityU Зерттеу және инновациялар институтының (CityUHK Institute of Research and Innovation – CIRI) ресми ашылу салтанаты өтті.
Филиалдың ашылу салтанатына ҚР ҒЖБМ вице-министрі Динара Щеглова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, ҚХР-ның бас консулы Цзян Вей және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
«Шетелдік университет филиалының Сәтбаев университетінде ашылуы — ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Қазақстанда білім мен ғылым сапасын арттыруға бағытталған ауқымды бағдарламасының бір бөлігі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында қазақстандық студенттер CityU сынды әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарда жоғары сапалы білім алуға мүмкіндік алып отыр», – деді өз сөзінде Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.
CityU – әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан жас ғылыми-зерттеу университеттерінің бірі. Ол аз ғана уақыт ішінде QS рейтингі бойынша 62-орынға, ал Times Higher Education тізімі бойынша 78-орынға шықты.
«Беделді шетелдік университет филиалының Алматы қаласында ресми ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл қадам қазақстандық студенттердің CityU және Сәтбаев университеті сынды алдыңғы қатарлы ЖОО-ларда әлемдік деңгейде білім алуына жол ашады. CIRI тек зерттеу және инновациялық орталық қана емес, сонымен қатар жаңа ресурсты үнемдейтін технологиялар мен жаңалықтарды қала экономикасына енгізуге сеп болады, әрі Алматыны Орталық Азия аймағындағы жетекші білім беруші орталық ретінде нығайтатынына мен сенімдімін», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков.
Ашылу салтанатында CityU мен Сәтбаев университеті арасында PhD деңгейіндегі қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосу туралы меморандумға қол қойылды. Бұл – қазақстандық университет пен әлемнің ТОП-100 университеттері қатарына кіретін беделді жоғары оқу орны арасында жасалған алғашқы келісім.
Екі университет арасында осыған дейін қол қойылған стратегиялық серіктестік келісімге сәйкес Материалтану (Material Science), Жасанды интеллект, Компьютерлік ғылымдар (Computer Science) және Азаматтық құрылыс (Civil Engineering) мамандықтарына бағытталған қос дипломды білім беру бағдарламалары іске қосылды, бакалавриатта оқу «2+2» және магистратурада оқу «1+1» форматы бойынша өтеді.
Филиалдағы оқу студенттерге ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мемлекеттік гранты негізінде толықтай ағылшын тілінде білім алуға мүмкіндік береді. Бакалаврлар алғашқы 2 оқу жылын Алматыда өткізсе, соңғы 2 жылды Гонконгта өткізеді. Ал PhD бағдарламасының қатысушылары Гонконгтағы оқу барысында әлемдік ғылыми зертханаларда жетекші ғылыми топтармен бірге тағылымдамадан өтеді.