Алматыда студенттік өзін-өзі басқару жүйесі белсенді түрде дамып келеді
Алматыда студенттік өзін-өзі басқару жүйесі жастардың көшбасшылық қабілеттерін дамыту мен әлеуметтік белсенділігін арттыруда маңызды рөл атқарып, қарқынды дамуда. Бұл жүйе “Almaty Leaders” жобасы аясында Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен және “Jastar Ruhy” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жаңа деңгейге көтерілді. Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы 30 жоғары оқу орны студенттік өзін-өзі басқару жобаларына белсенді қатысуда. Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде – 16, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде – 5, С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде – 6, Нархоз университетінде – 4, Алматы технологиялық университетінде (АТУ) – 10, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде (Сәтбаев университеті) – 21 студенттік деканат жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш 2023 жылы студенттік деканаттардың ашылуымен және 5 жаңа университеттің қосылуымен артты.
Студенттік өзін-өзі басқарудың маңызды бөлігі – Студенттік декандар мектебі. Оның алғашқы жиынына 250-ден астам студент қатысты, ал алдағы жылдары қатысушылар санының өсуі күтілуде. Бұл мектеп көшбасшылық және ұйымдастырушылық дағдыларды дамытуға, басқару саласында тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Алматыда осы мектеп пен басқа көшбасшылық бағдарламалар аясында 10 000-нан астам студент оқытылды. Студенттік өзін-өзі басқарудың ауқымды жобаларының бірі – “Almaty Leaders”. Жоба 1000-нан астам студентті қамтып, тоғыз ірі шара ұйымдастырды. Солардың қатарында “Green Almaty” экологиялық акциясы, “MERGEN” садақ ату жарысы, киберспорттық турнирлер мен “Bookcrossing” жобасы бар. Бұл жобалар жастардың бірлесіп жұмыс істеу, шығармашылық және оқу дағдыларын дамытуға ықпал етті.
Сонымен қатар, “Jana Beles” жобасы 10 үздік студент пен 4 үздік студенттік өзін-өзі басқару ұйымын марапаттап, студенттердің мотивация деңгейін 20%-ға арттырды. Жалпы алғанда, студенттерге арналған шаралар саны соңғы екі жылда 40%-ға артып, жыл сайын 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Бұл шаралар экология, спорт, мәдениет және білім беру салаларын қамтып, Алматы жастарының жан-жақты дамуына үлкен үлес қосуда.