Алматыда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеуде: жаңа мүмкіндіктер мен нақты нәтижелер
Алматыда 14 пен 35 жас аралығындағы 695,6 мыңнан астам жас тұрады, бұл — мегаполис халқының 32 пайызын құрайды. Олардың ішінде 435 мыңы – жұмыс істейтін жастар, 275 мыңы – жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, ал шамамен 85 мыңы – мектептің жоғары сынып оқушылары.
Осындай ауқымды жас аудиторияны ескере отырып, олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету мен кәсіби дамуына жағдай жасау — Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басты назарында. 2025 жылы Алматыда жастардың дамуына және өзін-өзі жүзеге асыруына тең мүмкіндік беру бағытындағы жүйелі жұмыс жалғасын тапты.
Бұл бағыттағы негізгі құралдардың бірі — Jasalmaty.kz ақпараттық порталы, оның құрамындағы «Jobfair365» (жұмыспен қамту) және «SkillBridge» (оқыту және дағдыларды дамыту) сервистері арқылы 25 мыңнан астам бірегей пайдаланушы тіркелді. 4 мыңнан астам жұмыс беруші 7 мыңнан астам бос жұмыс орнын жариялап, нәтижесінде 3,6 мың жас тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.
Жастарды жұмыспен қамтуда ерекше рөл атқарып отырған — Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен құрылған Қалалық мансап орталығы. Бұрын мансап орталықтары әрбір оқу орнында жеке жұмыс істейтін болса, қазіргі таңда олар жұмыс берушілермен, Еңбек мобильділігі орталығымен және басқа да құрылымдармен бір алаңда біріктірілген. Бұл ақпарат алмасуды жеделдетуге, бірлескен әрекеттерді үйлестіруге және жастарға шынайы мүмкіндіктер ұсынуға жол ашты.
2025 жылдың басынан бері Қалалық мансап орталығына 6,5 мыңнан астам жас жүгінген болса, олардың 4,8 мыңы жұмысқа орналастырылды. Бұл — кәсіби кеңес беру, бос жұмыс орындары жәрмеңкелері және бизнес құрылымдарымен тұрақты байланыс нәтижесінде мүмкін болды.
Осы бағыттағы жарқын жобалардың бірі — «Жастарға арналған қалалық мансап күндері». Бұл бастама қала аудандарында тұрақты түрде өтіп келеді. Биыл бұл жоба Алматының 4 ауданында ұйымдастырылып, 3 мыңнан астам жас қатысып, 300 ірі компания нақты бос жұмыс орындарын ұсынды. Нәтижесінде 800 жас бірден жұмысқа орналасты.
«Қалалық мансап орталығы бүгінде кеңес беретін ғана емес, Алматы жастары үшін нағыз бастама алаңына айналды. Біз күн сайын білімді, талантты, ынталы жастардың алғашқы қадамдарына куә болып отырмыз. Олар өз жолын тауып, маман ретінде қалыптасуда. Ең бастысы – жұмыс берушілердің ашықтығы мен қолдауы. Олар есіктерін ашып, тәжірибесімен бөлісіп жатыр. Біз тек жұмыспен қамтып отырған жоқпыз – біз болашағы жарқын, сенімді жастар буынын қалыптастырып жатырмыз», - қалалық мансап орталығының өкілі Торехан Ақарыс.
Айта кетейік, қалалық мансап орталығының жұмысы аясында, 2025 жылдың басынан бері 9 200-ден астам жас тұрақты жұмыспен қамтылды.
Жобаларды жүзеге асырып отырған мамандардың айтуынша, жыл соңына дейін бұл бағыттағы жұмыс одан әрі күшейтіліп, жастарды қолдау құралдары кеңейе түседі.